Оқушының өтініші орындалды

Мектебіміздің 5 «в» сынып оқушылары үшін бүгін ерекше демалыс ұйымдастырылды. Жазғы демалыс кезеңінде «Атамекен» сауықтыру лагерінде 700-ден астам бала демалысын көңілді өткізді. Орал қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері лагерь демалушыларымен кездесіп сұхбаттасқан болатын. Осы жүздесуде мектебіміздің оқушысы Мира Рахметуллина комиссия төрағасы – қала әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиевтен оқушылардың атпен серуендеуіне мүмкіндік жасауын сұраған еді. Оқушы Мира Рахметуллинаның өтініші бойынша бүгін сыныптастарымен «Ищанов» кәсіпкерлігінің «SABA» этнокешеніне саяхат ұйымдастырылды. «Орталықта сыныптастарымызбен атқа міндік. Садақ атуды да үйрендік. Күніміз қызықты өтті. Бізге осындай керемет демалыс сыйлағаны үшін алғысымды білдіремін» дейді Мира. Кешендегі атбегілер ұлттық спорттық ойындармен таныстырып, көрсетілімін ұсынды. Балалардың демалысын ұйымдастыруда қолдау көрсеткен Орал қаласы спорт және дене шынықтыру бөліміне, «Орал» спорт клубына, «Ищанов» ЖК – не ризашылығымызды білдіреміз.