«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының жұмыс жоспарына сәйкес «Балалар жылына арналған Рубик текшесін жинаудан мектепішілік спидкубинг чемпионаты» өткізілді.

Жарысқа 5-6 сыныптар арасынан 5 оқушы қатысып, бақтарын сынады. Ең бірінші ойын басталмас бұрын Рубик текшесінің тарихы түсіндірілді. Көрермендерге сұрақтар қойылып, текшенің шығу тарихы туралы білетін ақпараттарымен бөлісті. Кейін ойын басталып оқушылар бір-бірімен жарысқа түсті. Тартысты ойын нәтижесінде III орынды Жұма Нұрберген, ІІ орын Жарас Нұрсәт, І орынды Қаражанов Әлижан қанжығалап қалалық кезеңге жолдама алды, қалған оқушылар белсене қатысқандары үшін алғыс хаттармен марапатталды.

Ұшқыр ой мен қолдың ептілігін, логиканы, математикалық сауаттылықты, тапқырлықты, жылдамдықты қажет ететін ерекше ойын түрі қатысушыларға да көрермендерге де ұнады.

«Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының жұмыс жоспарына сәйкес  27.12.2021 күні «Дармарка – қалдық заттарға екінші өмір сыйла» атты 5-сыныптар арасында экологиялық сайыс өткізілді. Шараның мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, аялау, тұрмыстық қалдықтарды тиімді пайдалана отырып, қажеттілікке жарату және насихаттау.

Жалпы 4 кезеңнен тұратын сайысқа 3 команда қатысты. Олар «Ақжелкен» тобы, «Жасыл қала волонтерлары» тобы, «Жас экологтар» тобы. Сайыс топтың атын, ұранын таныстыруымен басталды. Әрі қарай «Қызық екен» бағдарламасы негізінде сұрақтарға жауап беріп, сайыс қыза түсті. Әр топ қалдық заттардан дайындаған жұмыстарын әділ-қазы мүшелеріне көрсетіп, неден жасалғанын, қалай жасалғанын түсіндірді. Әділ-қазы мүшелері әр кезең бойынша командаларды бағалап, сайыс соңында марапаттау қағаздарын табыстады. Сайыс нәтижесінде «Ақжелкен» тобы I орын, «Жасыл қала волонтерлары» II орын, «Жас экологтар» командасы III орынға иеленді. Оқушыларды ынталандыру мақсатында жүлделі I орын алған командаға «Жас ұлан» ұйымының белсенді оқушылары дайындаған эко-сөмке сыйлығы табысталды.

«Жас Ұлан» - болашақтың бастауы!» атты «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы қоғамдық бірлестігіне оқушыларды қабылдау салтанатты рәсімі өтті. Биылғы жыл біздің еліміз үшін ерекше жылдардың бірі болды. Себебі, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының құрылғанына 10 жыл толып отыр.

Егемен еліміздің ұландары 2-сынып оқушылары «Жас Қыран» ұйымына, 5-сынып оқушылары «Жас Ұлан» ұйымының қатарын толықтырып, өз елінің патриоты екенін дәлелдеді. Биылғы оқу жылында «Жас Қыран» ұйымына – 129 оқушы, «Жас Ұлан» ұйымына – 33 оқушы қабылданды. «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қабылданушысы Сапаргалиев Ақдәулет Бақдәулетұлы 5-сынып атынан ұйым антын қорғаса, 2-сынып атынан Мәлік Айару ұйымның уәде сөзін орындады.

Салтанатты қабылдау рәсімінің қонақтары: Зашаған кенті әкімдігінің бас маманы Батыров Жигер Мендыгалиевич, әкімшілік ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің басшысы мен ардагер ұстаз Калышова Фарида Кисметовна ұйымға қабылданатын оқушыларымызды құттықтап, сәттілік тіледі. Білімге құштар, қоғамдық өмірге араласып, жетістік жолында тайсалмайтын «Жас Ұлан» ұйымының оқушыларына сәттілік тілейміз!

Өнерлі шәкірттеріміз көп болып, мектебіміздің мәртебесі арта берсін! Жаңа ғасырда қайта түлеген еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болғай!